Қазіргі ажырасуға басты себеп еркектердің аз ақша табуы деп ойлайсыздар ма?
Қазіргі ажырасуға басты себеп еркектердің аз ақша табуы деп ойлайсыздар ма?

1-Сұрақ: Қазіргі ажырасуға басты себеп еркектердің аз ақша табуы деп ойлайсыздар ма?
1-Жауап: Қазіргі ажырасулардың бірнеше себептері бар. Олар үйленер алдында дұрыс жар таңдамау, мінез-құлық, материалдық жағдай, жұмыс, карьера, баспана, перзент сүйе алмау, маскүнемдік, құмарлық, өзара сенімсіздік, ата-ене, қайын жұрттың әсері – санай берсек тауысу қиын. 
Бүгінгі қоғам тұрғысынан алғанда, ажырасуға соқтыратын басты себептердің бірі материалдық жағдай. Мысалы, ер адамның өз отбасын дұрыстап асырамауы, олардың күнделікті қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмауы шаңырақты шайқалтпай қоймайды. Ал, ер адам бір құшақ отын жинап әкеліп сату арқылы болса да отбасын асырауға міндетті. Майлықожа ақын «Болымы жоқ боз бала, Бейнеттен қашар бұлтаңдап» деп жалқаулықты сынаған.
Ал, кейде отағасы өз үйін шамасы келгенше бағып отырса да, әйел кісінің оған қанағат етпеуі, атап айтқанда, «көршілеріміз үлкен үй соғыпты», «жаңа көлік алыпты», «жыл сайын шипажайда тынығады екен» деген секілді сөздері отбасын ажырасуға дейін апарып жатады. «Қылымсыған қатын қызыл көйлек киедінің» керімен «мен жұрт секілді шашыма қарай алмадым, тырнағымды баптай алмадым» деп күйеуінің зығырын қайнататын жағдайлар да жоқ емес. Ақын бабаларымыздың:
«Жаман қатын жігіттің
Тайдырады табанын,
Тар қылады заманын», деп жырлауы да осыдан болса керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ер адамдардың ақшаны аз табуы ажырасу себептерінің біреуі ғана. Ерлеріміз еңбекқор, әйелдеріміз қанағатшыл болса, қоғамымыздағы ажырасу пайызы айтарлықтай азалар еді. 
(Ескерту: Асылбек Әуезханұлының «Ажырасу себептері» атты мақаласынан үзінді алынды.)
#бақыттыотбасы #сұрақ_жауап_бөлімі

Елжас ЕртайұлыЕлжас Ертайұлы
8 жыл бұрын 4464
0 пікір
Блог туралы